«БесТірек» бағдарламасы 2018 жылғы байқауының 2-іріктеу айналымы
2018 жылдың 19-20 шілде аралығында Ержан Тәтішев Қорының «БесТірек» бағдарламасы байқауының ә-іріктеу айналымы өтті. Байқауға ат салысам деушілердің құжаттары қаңтар мен шілде аралығында қабылданды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ертеңгі күні мен кәсіби мансабын кәсіпкерлікпен байланыстыратын мектеп және колледж түлектері Бағдарлама байқауына өтінімдер тапсырды. Әр үміткердің байқауға өткізілген құжаттарына оқу үлгерімі, әлеуметтік белсенділігі, пәндік байқаулардан алған жүлделі орындары мен басқадай жетістіктері және Бағдарлама мақсаттарына сай болуы сияқты көрсеткіштерді негізге ала отырып баға берілді. Байқауға қатынасқан үміткерлердің ішінен 19 адам, оның ішінде еліміздің он бес өңірі, яғни Ақмола облысы, Ақтөбе, Алматы облысы, Алматы, Астана, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Зыряновск, Өскемен, Семей, Талдықорган, Шымкент, Екібастұз, Оңтүстік Қазақстан облысынан 6 бозбала мен 13 бойжеткен 2-айналымға іріктелді. 2-айналым қатысушыларының ішінде жалпы білім беретін мектеп, Назарбаев зияткерлік мектебі, гимназия, лицей, колледж, Сүлейман Демирел колледжі және FLEX Бағдарламасының түлектері болды.
Іріктеудің өзі топтық жұмыс форматында өтті. Үміткерлер бірнеше топқа бөлініп, қала экологиясы, жастарды кәсіби бағдарлау, білім беру жүйесі және баспанасыздарға әлеуметтік қолдау көрсету деген тақырыптар аясындағы мәселелерді шешуде бұрын-соңғы болмаған айрықша амалдарды ойластыруға күш салды. Іріктеудің екінші күні әр топ өз жобаларын қазылар алқасына ұсынды.
Ержан Тәтішев Қоры АлмаУ Университетіне іріктеуді өткізуде көрсеткен көмегі үшін, қазылар алқасы және кеңесші-консультанттардың атқарған қызметі үшін, және де іріктеуде бақ сынасқан барлық үміткерлерге алғысын білдіреді. Алдағы уақытта үлкен табыстарға кенеліп, мол жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспіз!
Үміткерлер алғысы:
Кариева Әйгерім: «Әлемде орын алып отырған әлеуметтік мәселелер жайында алғаш рет терең ойға баттым және жұдырықтай жұмылып жұмыс істегеннің пайдасын, топтағы әр адамның пікірін ести білудің қаншалықты дұрыс екеніне көзім жетті. Жаңа дос тауып, дариядай аққан сан алуан сезімдерге бөлендім, миымды кідірместен 24/7 жұмыс істетіп, ойымды бір шынықтырып алдым, “Канвас бизнес-моделі” деген керегіме жарайтын қызықты дүниені үйрендім. Рахмет, достар! Бұл шынымен де керемет өткен уақыт болды!»
Шайкиева Мадина: «Сіздердің байқауларыңызға ат салысу мүмкіндігіне қол жеткеніме өте қуаныштымын. Осы екі күн ішінде мен өмірімдегі көп нәрсеге деген көзқарасымды өзгертіп, болашақтан не күтуге болады деген сауалға жауап тапқан секілдімін. Екі күн уақыт ішінде ұнатқан бір нәрсе – миымның қара қазандай қайнағаны. Іріктеу кереметтей қызықты өтті, осы үшін Қорға, Университетке және өзім жұмыс істеген тобыма рахмет. Келген бойда жұмыс істеп, нәтиже көрсетуге үлкен ынтамен қарадық, оған қоса мен адам қызығарлық талабы бар құрбылар кездестірдім. Әрқайсысының бойында іскерліктің әсем ұшқыны сезіледі. Оның бәрін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы күндерді сыйлағандарыңыз үшін Сіздерге көп рахмет айтқым келеді! Алдағы уақытта жүздесетін кездер әлі де болар деп үміттенемін».
Нұрболат Бахытнұр: «Осындай шараны ұйымдастырып отырған барлық адамдарға алғысымды білдіргім келеді. Біз өз жобаларымызды барынша беріле жасадық, көптеген қызықты нәрселерді танып білдік. Бірге өткізген екі күн ұмытылмас сезімдерге толы, жаңа достастықпен ерекше болды. Осы байқауға қатысқаным мен үшін үлкен тәжірибе болды. Үлкен рахмет!»
Қарағаев Рахымжан: «Маған бәрінен де қатты ұнағаны – жұмыс істеу қарқыны. Осы уақыт ішінде мен алуан түрлі сезімдерге баттым, бұның бәрі дәл осы мезетте жасанды емес, нағыз өмір сүріп жатқанымның жарқын дәлелі болды. Топта жұмыс істеу, топатастарымның бойында күшті жақтарын көре білу және мойындау, пікірталастан туындаған ақиқат жасалған жұмысымыздың нәтижесіне оң әсерін тигізіп, көңілімізден шықты».
Тагиев Болат: «Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ең бастысы – жобаларымызды дайындауға барлық жағдай жасалды. Екінші айналым ұмытылмайтын керемет әсер қалдырды деп айта алмаймын, өйткені бұл – жақсы деңгейде өткізілген сайыс. Бәрінен де мені Қордың өзі, оның қойып отырған мақсаттары шабыттандырады, бұл, расымен де, бізге нағыз отансүйгіштіктің кепілі болып табылатын өте қажетті бастама».
Қуанова Салтанат: «Екі күн ішінде адамға тәне сезімдердің барлығын өткердім десе де болады, бірақ көбіне, әрине, ол жағымды эмоциялар еді. Дәл осындай жанып тұрған, жарқын топ ішінде болғаныма, және жалпы осындай ортаға алғаш рет түскеніме өте қуаныштымын. Бәрінен де ең қызықтысы – жоба идеясын ойластыру. Істің немен басталып, немен біткенін еске түсірген қызықты. Шара өте жоғары деңгейде өтті, осындай тәжірибе алғаныма алғыс айтқым келеді!»
Новоселова Карина: «Нағыз кәсіпкердің рөлін сомдауға мүмкіндік бергені үшін Қорға рахмет! Өз бизнесіңнің басын бастау бұрын ойлағанымдай оңай шаруа емес екен».
Арлиулы Аян: «Уақыт көңілді өтті, тек екі-ақ күн уақыт берілгені өкінішті-ақ – ойыңды қайта қарастыруға мүмкіндік болмады. Шараны ұйымдастыру жағынан бәрі өе керемет болды, рахмет!»
Джалмагомбетова Әмина: «Қорға және шара ұйымдастырушыларына ұмытылмас екі күн сыйлағандарыңызға көп рахмет! Бізге жағдай жасап, алаңдап, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Сіздердің қамқорлығыңыз үнемі сезіліп тұрды және ұзақ уақыт ұмытылмайды. Қордың өте жағымды әсер қалдырды, Қордың атқарып отырған қызметі мақтауға тұрарлық. Байқаудың өзі, біріншіден, маған үлкен тәжірибе берді, жақсы сезімдер сыйлап, жаңа достармен қауыштырды. Басқаларды тыңдай отырып, олардың көзқарасын қабылдауды үйрендім және әр адамның идеясын жоққа шығаруға болмайтынын түсіндім. Топтық жұмыс – үлкен күш! Осындай мықты жастар бас қосса, үлкен өзгерістерге жетуге болады! Осы шарадан алған тәжірибемнің әлі де жалғасы болар деп үміттенемін».
Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!
Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!