Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Алмасу бағдарламалары – қолда бар мүмкіндіктер

26.07.2013

Мен Ержан Тәтішев Қорының 2010 жылғы стипендиаты және Халықаралық Бизнес Университетінің 3-курс студенті болып келемін. Биылғы жылдың көктем айларында мен үшін алмасу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяда дәріс алуға тамаша мүмкіндік туды. Осылайша мен көктемгі семестрді Солбридждің Халықаралық Бизнес Мектебінде (Solbridge International School of Business) өткіздім.

Менің Корей еліне, экономикасына, салт-дәстүріне деген қызығушылығым мол еді. Шет елге кетер алдында барлық адамдардай көп толғанып, көп ойландым, мысалы жатақханада бөтен адаммен бір бөлмені бөлісу сияқты бұрын соңды жасап көрмеген жәйттар толғандырды. Келген бойда осы семестрді өткізген Дэйджон қаласына үйреніп, жерсіне бастадым. Кореяда мені қарсы алып, қасымда болған адамдардың ашықтығы мен ақкөңілдігінің арқасында менің ішкі толғаныстарым бос болған екен деген тұжырымға келдім.

Маған Солбридждің Халықаралық Бизнес Мектебінде ұнағаны – оның халықаралық дәрежесін ақтағаны, менің топтастарымның ішінде Бразилия, Марокко, Франция, Мексика, Германия, Камбоджа, Непал, Индонезия сияқты елдер өкілдері болды. Корей елінің мәдениетімен қоса, басқадай елдер жайында аздап білгенім осындай саналуандылықтың болуына байланысты. Бұл өз алдына сабақты оқу кезінде ойлау қабілетіміз бен ой-өрісімізді өзгертуге ықпал жасады. Сабақ жағына келетін болсақ, көбіне топтық жобалар іске асырылды. Өзім байқаған қызықты бір жәйт Қытай мен Корей студенттері сабақты оқуда үлкен шыдамдылық танытады екен, таңның атысы мен күннің батысына дейін бір тақырыпты ұсақ-түйек жай-жапсарына дейін зерттеп оқиды. Оқуға деген қабілеті жетіңкіремей тұрғандар бұл кемшіліктен арылу үшір бар күштерін салуға тырысады, соның арқасында үздік студенттер қатарына қосылып кетіп жүрді. Солбридж студенті атағын алып жүрген кезімде байқағаным – ол студенттер арасындағы кеңінен етек жайған бәсекелестік: университет өз студенттерін үлкен өмірге дайындайды, осы мақсатпен Curve атты арнайы баға беру әдісін қолданады. Оның мәні топтағы студенттердің 20% ғана ең жоғарғы ұпайға ие бола алады екен, ал қалған пайыз бөліктеріне қалған студенттер ие болады. Осылайша студенттердің жоғарғы топқа ұмтылыстары тек ынталандырыла түседі.

Осы сапарым жайындағы әсерімді қорытындылай келе, Солбридждегі алған дәріс үлкен өмірлік тәжірибеге айналды десем артық болмас. Оқыту деңгейі ойымнан шығып, бар үмітім ақталды. Бір семестр ішінде көп дүниеге көз ашып, шет мемлекетімен таныстым, көптеген адамдармен жүздесіп, басқа тілді игердім, және де өмірден рахат алдым.

Сонымен қатар Ержан Тәтішев Қорына көмек беріп, алға қойған мақсат пен арманға қол созуда көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді! Барлық стипендиаттарға алдыларыңда алмасу бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндік туып жатса, оны қолдан жібермеңдер дегім келеді!

Ержан Тәтішев атындағы «Ержан» Қорының 2010 жыл стипендиаты, ХБУ 3-курс студенті, Ким Динара

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!