Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Өмірді жақсартуға талпынған студенттердің идеялары

14.10.2013

Мен 22 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткен бүкіл дүние жүзі студенттерінің қатысуымен іске асқан Enactus World Cup 2013 атты халықаралық сайысқа ат салыстым. Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық деген сөздің төркінін енді түсінген сияқтымын. Барлық сезімдерді сөзге көмкеру оңайға соқпаса да, шарадан алған әсерім жайында жеткізіп көрейін.

Менің сапарымды екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі – Америка, Нью-Йорк, Social Good Summit, ал екіншісі – Мексика, Канкун, Enactus World Cup 2013. Айтпақшы, бұның шетелге алғашқы сапарым және ұшаққа алғаш рет отырғаным екенін ерекше атап өткім келеді.

Бірінші кезекте Қазақстанның намысын қорғауға ат салысқан және бақылаушы ретінде қатысқан студенттер Саммиті жайында қысқаша шолу жасағым келіп отыр. Mashable технологиялық жаңалықтар порталы, БҰҰ Қоры, БҰҰДБ (UNDP), Билл мен Мелинда Гейтс Қоры мен 92Ү Қоры арқасында жүзеге асқан Төртінші Әлеуметтік Игілік Саммиті (Social Good Summit) қыркүйектің 22 мен 24 аралығында Нью-Йоркте өтті. Саммит әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы көшбасшылар мен инноваторларды, сонымен қатар өмірді өзгертуге талпынатын әртістер мен фотографтарды бір жерге үйлестірді.

Менің ойымша, спикерлер ішінде сөздерімен үлкен әсер қалдырған мыналар: Янгбо Ду, Мелинда Гейтс, Дэвид Дарг, Ян Сомерхалдер, Уилл Ай Эм, Маркус Блэсддэйл, Ричард Диктус; олар дүние жүзінде жасалып жатқан әлеуметтік игі істер жайында, ондағы еріктілік қозғалысының үлкен рөл атқаратыны жайында айтты, инновациялық жобалар жайында әңгімеледі. «Неден бастау керек?» деген сұраққа Янгбо Ду өте қарапайым жауап қатты: «Нью-Йорк, не басқа қалада болсын, игі істерді жасауға күш салып, өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар». Enactus Президенті, Элвин Рорс ұйымның 1600 университеті ішіндегі 65 студент арасында кәсіпкерлікті дамыту саласында сайыстар ұйымдастыру арқылы жастардың идеяларын ілгері қозғауда қосып отырған үлесі жайында әңгімеледі.

Менің ат салысқан екінші іс-шара 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында мексикандық күн сәулесімен шағылысып, жылы самал ескен тұнық Кариб теңізінің жағалауында жайылып жатқан Канкуна қаласында өткен SIFE World Cup 2013 халықаралық сайыстар еді. Осы әлемдік кубокқа 39 студент тобы, бүкіл әлемнен жиналған бизнес алыптары мен көшбасшылары қатысты. ENACTUS (SIFE) жайында айтатын болсақ, ол кәсіпкерлікті ілгері қозғай отырып, өмір деңгейін жақсартуға ұмтылған студенттерді, бизнес көшбасшылары мен университет оқытушыларын біріктіріп отырған халықаралық деңгейде жұмыс істеп отырған коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Шараға қатысушы мен қонақ ретінде шақырылған үш мыңдай адам қатысты. Қазақстан намысын ұлттық сайыс жеңімпазы атанған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің командасы қорғады. Мен ENACTUS МАБ жобалар менеджері және команда капитаны Қожатаев Диас екеуіміз Қазақстан делегациясының құрамына еніп, бақылаушылар қатарына кірдік.

Әлемдік кубоктың бірінші күнінде дәстүрлі ұлттық жәрмеңке өткізілді, оның негізгі мақсаты – командалар өз мәдениеті мен салт-дәстүрі, елінің мінез-құлқы мен ұлттық ерекшеліктерін барынша әсерлі етіп көрсету еді. Үлкен зал бишілер мен әншілер киген ұлттық киімдердің сан түрлі бояуларымен құлпырып кетті, ал желбіреген байрақтар ішінде Қазақстан туы да мұндалап тұрды. Биылғы жылы біздің еліміз ұлттық үрдістегі би мен күйге бөленген беташар кәдесін паш етті.

Сайыстың өзі жолдастық сарында өтті. Сөйлеу өзгешеліктеріне қарамастан, басқа командалармен қарым-қатынас жасау оңайға түсті – ертеңгі күні жаңа серіктестік құру үшін бірін-бірі ұғыну бәрінен де басым болды.

Біздің командамыз серіктестік құруымыз ықтимал көптеген ұжымдармен танысты. Сайыстың тамамдалғанына қарамастан, Нигерия, Малайзия, Қырғызстан, Тунис, Сингапур елдерінің командаларымен ара-байланысымызды үзбей отырмыз.
Сайыс басталысымен-ақ Нигерия жастарымен достастығымыз бен Латын Америка командасының қыз-жігіттерінің берген қолдауын ерекше атап өткім келеді.

Сайыстың алғашқы күні, 30 қыркүйек жұлдызында өткен іріктеу Қазақстан командасының Корея, Кения, Малайзия мен Польша елдерінің ұлттық сайыс жеңімпаздарымен бірге жобаларын көрсететіні айқындады. Біздің команда «Union», «From Heart to heart» и «Экоline» атты үш жобаны ұсынды.

1 қазан күні сайыстың жартылай финалы мен финалы өтіп, Enactus World Cup 2013 жеңімпазы – Мюнхен Техникалық Университетінің командасы жеңіске жеткенін анықтады, екінші орын Англия командасының еншісіне тиді, ал үшінші мен төртінші орындар Нигерия мен Пуэрто Рико командаларына берілді.

Сапарымның басты мақсаты жаңа білім алып, тәжірибе алмасу, сонымен қатар ENACTUS ұйымы қызметі мен негізгі мән-мақсатын егжей-тегжейлі түсіну еді. Біз бұл міндетті атқарып келдік деп ойлаймын. Келесі қадамымыз Enactus МАБ командасына сайыстан алып келген біліміміз, тәжірибеміз бен күш-жігерімізбен бөлісіп, алдағы уақытта студенттеріміз Қазақстан намысын қорғау мақсатында қызықты жобаларды дайындауға шабыттандыру болып табылады. Халықаралық Бизнес Академиясы мен біздің командамыздың адвайзері болып келетін Үшкемпірова Әсел Серікқызы мен Enactus Kazakhstan Президенті, Ержанова Альбина Мейірбековнаға ұмытылмас шараға қатысуға мүмкіндік бергендеріне көп рахмет. Әрине Халықаралық Бизнес Академиясы сыңды үздік оқу орнында оқуға мүмкіндік берген жаныма жақын, жылы ұям, Ержан Тәтішев Қорына айтар алғысым шексіз!

Көпбаева Лаура,
Ержан Тәтішев Қорының 2011 ж. стипендиаты
Халықаралық Бизнес Академиясының 3-курс студенті

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!