Шет елде жүріп студент пен ұстаз арасындағы ара-қатынастың қандай болу керек екендігі жайлы түсінігім түбегейлі өзгерді
Мен 2012 жылы бағым жанып, Ержан Тәтішев Қорының стипендиаты атандым. Қор еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі, КИМЭП университетінде оқуыма мүмкіндік ашты. Қазіргі уақытта мен қаржы мамандығының 3-курсында тәлім алып отырмын. 2014 жылдың көктемінде оқуымның бір семестірін халықаралық алмасу бағдарламасы бойынша Нидерландыда өткізуге жолым болды. Мені Арнем қаласындағы HAN Arnhem Business School атты оқу орнына қабылдады.
Мектепте оқып жүргенімде алмасу бағдарламаларына жүрексінбей жіберіп жүрген анам осы сапар алдында қатты уайымдап, көзіне жас үйіре шығарып салды. Алайда мен осындай пайдасы зор тәжірибеге қол жеткізгеніме шексіз қуанып, сабақты беріле оқып, жаңа ортаға аз уақыт ішінде бейімделіп кеттім. Семестр ешбір қиындықсыз көзді ашып жұмғанша өте шықты.
Нидерланды өзінің либералды көзқарастарымен белгілі, мәдени мұрасы мол әдемі жер. Оқудан тыс онда өткізілетін халықаралық гүл фестивалін, Корольді марапаттау күніне орай ұйымдастырылған мейрамды, тіпті Голландияның футбол құрамасының жанкүйері болып, әлем чемпионатының әсерлі ойындарын да тамашалап үлгердім.
Бұнда оқып жүргенімде студент пен ұстаз арасындағы ара-қатынастың қандай болу керек екендігі жайлы түсінігім түбегейлі өзгерді. Оқудың басынан бастап-ақ әр студент өз басына өзі жауап береді. Студенттер емтихандарды сәтті өткізу үшін өз беттерінше қам жеп, лекцияларға қатысуға ынталанады, оқыту жүйесі студенттің өз ниеті мен таңдауына негізделген. Сабаққа небір себептермен қатыспаған студенттерге емтиханды тапсыру барысында ешқандай жаза қолданылмайды. Презентация жасай білу, келісімге келу, клиенттермен және топтармен жұмыс істеу сияқты өмірге керекті қолданбалы машықтарды дамытуға көп көңіл бөлінді дегім келеді. Бір-ақ семестр ішінде үйреніп-білгенім өте көп, сабаққа үлкен қызығушылықпен қатыстым. Бұл тәжірибе мен үшін үлкен білім ошағы болды: түрлі жағдайларда әр адамға сай мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, баға беруге, ойымды әлемдік бизнес тұрғысынан түйіндеп, сөз қозғауды үйретті, және де дүниенің түкпір-түкпірінен келіп, тәлім алған 97 студенттермен достасуға мүмкіндік бергені сөзсіз.
Халықаралық бағдарлама студенттері оқудан тыс еріктілік жобаларға ат салысулары шарт еді. Франция, Канада, Венгрия және Ирландия елдерінің алты өкілінен құралған біздің топ Rehema Home, Kenya атты жобаға жауапты болдық. Rehema Home Кенияда зорлыққа тап болған, ауыр науқасқа шалдыққан, хал үстінде жатқан, ата-анасының қарауынсыз қалған тастанды балдырғандар үшін ашылған баспана болып табылады. Бұл жай ғана балалар үйі емес, мұнда балаларға арнайы күтім бар. Аталмыш жобаның мақсаты – дүние жүзінің жастарын Кениядағы кедейлікке кемеліп отырған балалардың жағдайы жайында хабардар етіп, спорттық шараларды өткізу арқылы қаражатпен жәрдем жасау. Біздің топ студенттер арасында футбол турнирін өткізіп, балалардың еміне 300 евродан астам қаражат жинастырды.
Осы сапар жайында ойымды түйіндей келе, айтарым – бір семестрді шет елде өткізіп, теңдесі жоқ тәжірибе алғаныма өте қуаныштымын. Ержан Тәтішев Қоры мен КИМЭП Университетіне мақсатыма қол жеткізуге үлкен мүмкіндіктердің есігін ашып, қолдау көрсеткендері үшін рахмет айтамын.
Жанна Жұмағұлова,
Ержан Тәтішев Қорының 2012 ж. стипендиаты
КИМЭП Университетінің 3-курс студенті
Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!
Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!