tengemonitor.kazgazeta.kz: Білімге салған инвестиция ел болашағына жұмыс істейді
Алматыда Ержан Тәтішев атындағы қордың ұйымдастыруымен «Hard Talk: Impact: білімге әсер ету инвестициясы: шындықтар, қиындықтар мен трендтер» тақырыбында интерактивті пікірталас өтті.
Оған «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтбаев, «Almaty Management University» президенті Асылбек Қожахметов, «InTeachMe » директоры Захира Бегалиева, «Kusto Group» директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев, «Белес» талдау және стратегия орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Ырсалиевтермен қатар білім беру саласының жетекші сарапшылары және кәсіпкерлер қатысты.
Онда еліміздің қауіпсіздігі мен болашағы үшін білімнің маңыздылығы және осы саладағы инвестицияның рөлі талқыланды. Пікірталас барысында қатысушылар «Қазақстандықтардың жақсы өмір сүрулеріне, ел экономикасының дамуы мен қоғамда өзін-өзі қалыптастыруына қандай білім қажет?», «Мүмкіндігі шектеулі жастарға білім беру», «Білімге инвестиция, ол елдің қауіпсіздігі мен болашағы үшін неге маңызды» деген тақырыптарда сөз қозғалды.
Іс-шарада Ержан Тәтішев атындағы қордың білім беру гранттары бойынша бағдарламаның тиімділігі мен 2007-2020 жылдар аралығында еліміздің жас көшбасшыларын таңдауда қосқан өз үлестері жөнінде зерттеме нәтижелерімен таныстырды. Зерттеу барысында шамамен 400-ге жуық респондент қатысқан. 2007-2021 жылдары ішінде барлығы 249 грант пен шәкіртақы бөлініпті. Олардың арасында 89 грант жоғары оқу орнына, 51 грант орта арнаулы білімге, қалғаны шәкіртақыға бөлінген. Бүгінгі күні қор бағдарламасы арқылы білім алған түлектердің 84 пайызы жұмысқа орналасып, қалған 16 пайызы оқуын әрі қарай жалғастыруда екен. Білім гранттарын бөлу бағдарламасы негізінде 675,9 млн теңге жұмсалған.
«Қазіргі таңда білім – адам өмірінде шешуші рөл атқарады. Біздің елімізде сапалы білім алу өзекті мәселенің бірі. Сондықтан біздің Қор еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына өз үлесін қоса отырып, келешек ұрпаққа сапалы білім беруді қамтамасыз етуде бар күш -жігерін салып келеді. Біз талантты жастарды қолдап, аз қамтылған отбасының балаларына ерекше көңіл бөлеміз. Оқу бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыруда басқа да серіктес үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетеміз. Қор түлектерінің көпшілігі бүгінгі күні өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп, еңбек нарығында өзіндік орны бар, бәсекеге қабілетті және қаржылық тұрақтылыққа ие болғаны бізді қуантады», – деді Жоғары технологиялар академиясының негізін қалаушы Ержан Тәтішев атындағы қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев.
«Зерттеудің негізгі қорытындысы бойынша Ержан Тәтішев қорының іске асырып жатырған бағдарламасы қоғамға пайдасы зор екенін көрсетіп отыр. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін білімге деген қолжетімділік пен іскерлік мансабын арттыру жолында бар мүмкіндіктерді қарастырған. Сондықтан да қор жастардың білім алуына инвестиция салуды өте маңызды деп санайды. Өйткені олар елдің адами капиталын жетілдіріп, бәріміз тұтастай алғанда жақсы қоғамға қол жеткіземіз» деп атап өтті Нұржамал Иминова, ЕҚЫҰ адами даму жөніндегі кеңесшісі.
Зерттеу нәтижесінде қормен ынтымақтастық қарым-қатынас стипендиаттар үшін жақсы әлеуметтік байланыс болғандығын көрсетті. Білім алушы жастардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарып, дүниетанымы мен әл-ауқатының өзгергендігі әрі өздерінің қоршаған ортасы арасында қаржылық тұрақтылықтың жоғары деңгейін сезінетіндігі аталған қордың арқасында болып отырған жайттар. Қор президенті Дана Жарықова мектеп түлегі портретімен таныстырды. Онда білім гранттарын тағайындау және конкурстарды енгізу кезіндегі тәжірибесіне сүйеніп, аталған жылдар аралығындағы өзгерістерге тоқталды. Қордың білім беру бағдарламасына сәйкес, қазіргі күні 45%-ы жеке компанияларда жұмыс істесе, оның 14% -ы әртүрлі деңгейдегі басшылықта, 10%-ға жуығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шамамен 4% -ы жұмыссыз түлектер екендігін атап өтті.
ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА
Ссылка на источник https://tengemonitor.kazgazeta.kz/news/30652
Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!
Все средства собранные за счет благотворительных пожертвований, будут использованы для выделения дополнительных грантов. До 16 марта 2021 года за взносы, сделанные до 16.00, комиссия составляет 0 тенге!