Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Беделді басшы болу үшін сенімді жұмыскер бола біл

15.09.2016

Мен өзімнің Kusto Management Group-тағы екі айлық тәжірибеден алған әсерім туралы бөліспей қоя алмаймын, өйткені осы аз ғана уақыт ішінде бұрын-соңды біліп көрмеген саламен танысуға керемет мүмкіндікке ие болдым. Тәжірибемнің кәсіби жақтарын қоя тұрып, одан үйренгенім жайында айтқым келеді.

Биылғы жылы мамыр айының бас кезі. Өзімнің оқып жүрген университетімнің дәлізінен өтіп бара жатып, ақпарат тақтасынан Еркін Нұрелдайымұлы Тәтішев басшылық етіп отырған компанияларының біреуінде тәжірибеден өтем деушілерді іріктеп, байқау өткізгелі жатқандығы жайлы хабарлама көрдім. Қатысушылар тізіміне ілінгенім сол-ақ еді, айдың соңына таман іріктеу басталды. Іріктеу Қорымыздың стилінде өтті – әр үміткер өзін барынша креативті көрсетуі шарт еді. Мен бұл тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен кірістім, соның арқасында презентацияма ең креативті деген баға берілді.

Тәжірибеде өткізген екі-ақ айдың ішінде мен қарапайым жұмыскерден бастап, кеңсе қызметкеріне дейінгі істің бәріне араласып үлгеріппін. Ең басында топырақты шөптен босату, шлагбаумдарды сырлап, трубаларды тасу, т.с.с. нағыз қара жұмысты жасауға тура келді. Әрине, отыз күннің ішінде жұмыстан шаршаған да, Интернеттің тапшылығы мен таңның атысы, күннің батысы санаулы адамдармен араласудан жалыққан да кездер болды. Алматыда туып өскен мен үшін Қызылорда өңірінің төзгісіз ыстығы пен азынаған желіне шыдау нағыз сынақ еді. Бірақ ешнәрсеге қарамастан, тәжірибеден сәтті өткенім – үлкен жетістік. Бір жұмыскер «беделді басшы болу үшін алдымен сенімді жұмыскер бола біл» деп айтқан еді. Қарапайым халықпен араласып, ой бөліскенде, өмірге деген көзқарасыңды өзгертесің. Барлық қиындыққа шыдап бағып, өз шамамды өзім білгім келді. Тәжірибенің пайдасы зор екенін білдім, ақыры өзі де солай шықты – түзде көргенімнің бәрі есеп жасағанда қолдандым.

Тәжірибенің соңғы екі аптасында бірге барған курстасым екеуімізге жалға алынған бекіткіштерге төленіп отырған қаражатты үнемдеудің жолын табуды тапсырды. Басты мақсат – жалға берушінің шығындары ақталғанын және жалға беру бағасының тым жоғары екенін цифрмен дәлелдеп беру. Біз құрал-сайманның бағасына талдау жасап болған соң, алдағы 10 жыл ішіндегі тозуын және салық шығындарын ескере отырып, Компанияның кіріс-шығысын есесптедік. Осылайша біз төленіп отырған жалдау бағасының шынында да тым басым екенін көрсеттік, бұл Компания келіссөз жүргізген кезде көмегін тигізді.

Айтылған сөзді жалпылай келе, осы сапар мені еш қиындыққа қарамастан алға ұмтылуға дем берді және өмірлік тәжірибеме көп үлес қосты деп айтқым келеді. Мен осы Компанияда өткізген аз да болса, маңызы зор уақыт үшін шексіз қуанамын. Kusto Management Group және Aлматы Менеджмент Университетіне осындай мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін!

Нұрлыбек Мұсатаев
Ержан Тәтішев Қорының 2013 жылғы білімгері
Алматы Менеджмент Университетінің 4-курс студенті

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!