Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Біздің алғашқы грантымыз

Константин Кравченко
Ержан Тәтішев Қорының 2012 жылғы түлегі
KPMG, Аудитор көмекшісі

Осы әңгімені айтқан кезде абитуриенттен өз ісінің маманына дейінгі жол жеке өз басымнан өткеннен болар, ерекше көңілім толады. Соңғы жеті жыл бойы алған барлық білімім мен тәжірибем менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Менің есімім Константин Кравченко, мен Ержан Тәтішев Қорының Білім бағдарламасының түлегімін. Тағдыр мені осы Қормен 2008 жылы жолықтырған болатын, сол кезде сапалы білім алуға мүмкіндік беретін осындай ұйымның бары мені қатты таң қалдырды. Қайырымдылық дәстүрі әлі де қалыптаса қоймаған еліміздегі бұл жәйдің бар екеніне таңым көп-тұғын, сондықтан, шынымды айтсам, іріктеудің әділдігіне күмәнім көп еді. Дегенмен жүректе үміт көзі болғандықтан, ақыры өтінім беруге бел буып, байқауға қажетті құжаттарды жинастыра бастадым. Жалпы Қордың ісі еліміздегі қайырымдылық жасау жайында қалыптасқан таптаурын пікірге қайшы келеді. 2-іріктеу айналымына шақырылған кез де, тапсырмаларды орындағаным, қобалжығаным да қазірдің өзі есімде… Іріктеу бір жағынан күрделі болғанымен, екінші жағынан еліктіріп алып кеткені соншалық, мен байқауда емес, небір қызық тренингке қатынасқан секілді сезіндім. Байқаудың мәресіне жеткенімді, Қазақстанның ең үздік оқу орындарының бірі, КБТУ-ға жолдама алып, білім грантының иегері болғанымды естігенде, қуанышымда шек жоқ еді.

Бүгінгі заманда әрбір саналы адам өзінің қоршаған ортасына азды-көпті жауапкершілікпен қарауға тырысады. Ержан Тәтішев Қоры көптеген дарынды жастарға жоғары сапалы білім берді, ал бұл, өз алдына, жақсы қызметке тұруға, бүгінгі күні олардың әрқайсысы кәсіби маман ретінде өсіп, ілгері жылжуға, дамуға жол ашты. Қор бүгінгі өмірімнің қалыптасуына көп ықпал жасады. Студенттік күндерімізді, сессия уақытын, іске асырған әлеуметтік маңызы бар еріктілік жобаларды еске алғанда, жүрекке жылу ұялайлайды. Шынында да студенттік жылдар өмірімнің ең жақсы, ең қызық кезеңі еді, сабақты жақсы оқуға да, достарыммен қыдырып, еріктілік жобаларды ойлап табуға да уақыт табатынбыз. Оқу барысында жүзеге асқан барлық жобаларымызды, олардың ішінде «Тот самый бар» клубының қолдауымен жарық көрген «Сәнқойлар» атты «жұлдызды» жобамызды үлкен мақтанышпен еске аламын. Өткенге көз жүгіртсем, өмірде кездейсоқ жағдайлар болмайды деген ойға келемін, бұның бәрі рақымдылыққа шақырып, бауырмал да қайырымды болуға үйрететін, ертеңге қалдырмай, дәл қазіргі сәттен бастап адами қасиеттеріңді ашуға және өз өмірің мен жасаған әрекетің үшін жауапты екеніңді ұғынуға көмектесетін өмір сабақтары деп түсінемін.

Мен Қордың ұясында қанаттанған екінші легінің түлегімін. Соңғы курста оқыған кезімде халықаралық деңгейде жұмыс істейтін түрлі аудиторлық компанияларда тәжірибе алып, өзім таңдаған мамандығымда күш сынап көрген едім. ОсылайшаҮлкен Төрттік құрамына кіретін KPMG аудиторлық компаниясында қызметімді бастап кеттім. Жұмыс үлкен табандылық пен шыдамдылықты талап етті, көп нәрсені жұмыс барысында үйрендім. Дипломымды қолға ұстаған мен, оқулық пен дәптер бетін біржолата жауып, артта қалдырдым, ендігі уақытта білек сыбанып нағыз жұмысқа етене кірісемін деп ойладым. Алайда компания өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін бірқалыпты ұстап тұруына үлкен талап қояды, сондықтан емтихан мен тестілеу кәсіби өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды.

Мен Қорымыздың алғашқы түлегі болғандықтан, оның сапалы білімге қол жеткізгісі келетін жастарды қолдау ісіндегі ұстанып отырған стратегиясы мен мақсаттарын толықтай қолдаймын. Осыдан екі жыл бұрын Қордың алғашқы түлектері өз аттарынан жеке білім грантын берсек деген ой тастады. Бұл идеяны Қамқоршы Кеңес те, Қор қызметкерлері де қолдады. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді» демекші, көш басында тұрған біздер үлкендік танытып, оңды іске бастау бердік, ал жыл сайын оқу бітіріп, түлек атанған жастарымыз бізден қалыспай, қосылып келді. Араға екі-ақ жыл салып, грантқа жететін қомақты сома жиналды.

Биылғы жылы Қор 2013 жылдың түлегі, Аслан Әділбеков екеуімізді грантқа үміткерлерді іріктеуге Байқау Комиссиясының әділқазылары ретінде қатынасуға шақырды. Байқаудың ішкі құрылымына етене араласып, сыналатын емес, сыншы тарапынан қарап, бұрын-соңды болмаған Әділ қазылар мүшесі болудың өзі – қызықты да күрделі жұмыс. Дегенмен біз үшін бұл адамдардың қабілеттеріне баға беру мен олардың әрекетін сарапқа салу жағынан үлкен тәжірибе болды, көптің ішінен нағыз жеңімпаздарды анықтай алдық деген үміттеміз. 2-айналымда Аслан екеуімізге койылған басты мақсат көшбасшылық қабілеті мен ілгері қозғалуға деген ұмтылысы бар белсенді үміткерлерді анықтау болатын. Іріктеу бітісімен, оған қатынасқан эксперттер жеңімпаздар тізімін құрып, бір ауыздан төрт адамды таңдады. Олардың ішіндегі Дария Әміртай Қор түлектерінің атынан тағайындалатын грантқа әбден лайық деп шештік. Дария іріктеу кезінде өзін байсалды және алдына мақсат қоя білетін көшбасшылық қабілеті бар бойжеткен екенін байқатты. Қазылар да, сынға түскен жастардың дауысқа салу нәтижелері де оның нағыз көшбасшы екенін растады. Мен қойған мақсатымызға қол жеткізіп, Қордың игі ісіне ілесе алатын белсенді бөлігі ретінде үлес қосып отырғанымызға шын жүректен қуаныштымын. Дария біздің және де Қордың артқан үмітін ақтайды деген ойдамыз. Әр адамның небір оңды іске қосылып, елге қол ұшын бергені – бүкіл әлемді жақсартуға үлес қосқаны деп білемін. Жастарға айтарым, сендер де жақсыға бет бұрып, жаңа білімге ұмтылыңдар, ал оған жол ашқан Қорымызды әрқашан жадыларыңызда ұстағайсыңдар!

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!