Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Анама мәңгі қарыздармын…

05.03.2015

Менің атым Оразбек Азамат, мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келдім, туған ауылымдағы мектепке аяқ бастым. Оқу бітіп жазғы демалыста, ойын баласы, балаларымен қосылып, ауылдың талай ой-қырларын кезуші едік. Бірінші сыныпты бітірген жылы бос уақытымда ылғи соғып тұратын ағамның үйінде жаттым. Құрбыларыммен ойын қуып, жақын маңайдағы зауытқа жиі баратынбыз.

Сол күні жауып тұрған жаңбырға қарамай, ойынға айналып, ұзақ жүрдік. Бір кезде бір ер адам жанымыздан өтіп бара жатып, малдың жолына көз салуды сұрады. Маңайдағы трансформатордың үстіне шыққан сәтімде мені тоқ ұрып, он метрдей жерге ұшырып түсірді. Топырақтың тоқты сіңіре алатын қасиетін есіне түсірген ағам ес-түссіз жатқан мені кеудеме дейін жерге көміп қойыпты. Сонда екі қолым көмілмей қалыпты, көмілсе, мүмкін аман қалар ма еді деп ойлаймын кейде. Мені туыстарым облыстық емханаға апарып жатқызды, бірақ онда жасалған емнің еш көмегі тимеді. Мені Қызылордадағы емханаға жеткізген анам: «ертерек келгендеріңізде, қолын аман алып қалуға болатын еді, уақытын өткізіп алдыңыздар» дегенді естіді. Екі аурухананың ортасында жүргенде екі рет есімді жиғаным есімде: бірінші рет аудандық ауруханада көзімді ашып, күйіп қалған қолдарымды көрдім. Оң қолыммен аурухананың темір төсегін ұрып көрмек болдым, ал сол қолымды мүлде қимылдата алмадым; Қызылордаға бара жатқанда жолда тағы да бір рет көзімді ашыппын. Одан кейін екі жыл бойы комада жаттым. Осы уақыт ішінде менен үмітін үзбей, анам күтіп бақты.

Комада болған кезімде бір түс көрдім, онда айнала аппақ кеңістік екен, мен тастың үстінде отырмын, қасымда аппақ киім киген ақсақал тұр, екеуіміз сөйлесіп отырмыз. Айтылған әңгімеден есімде қалғаны – «сен әлі жассың, берілме, сенің болашағың алда, әлі де отбасыңның мақтанышы боласың» деп маған күш-жігер беріп жатыр екен. Сол түстен кейін менің өмірім түбегейлі өзгерді: өз-өзіме келіп, ел қатарына қосылдым, кейіннен отбасыммен Алматыға көшіп, №2 коррекциялық интернатқа түстім. Оқу мен спортты, мәселен, жүзуді ұштастырдым. Қажырлы еңбектің арқасында Қазақстанның құрама командасына қосылдым. Жүзуден үш дүркін Қазақстан чемпионы атанып, 2009 жылы Токиода өткен Параолимпиадалық ойындарда 2-орынға, 2013 жылы Иорданияда өткен чемпионатта 3-орынға ие болдым. Сол жылы Малайзияда өткен Азия Параолимпиадалық Ойындарында бақ сынап, үстел теннисінен 3-орын алдым. Жүзумен байланысты денсаулығымда ақау пайда болды – жарыс пен оның алдыңғы жаттығулар кезінде арнайы көзілдірік киген ыңғайсыздық тудырғандықтан, көзіме сумен бірге оның құрамындағы хлордың салдарынан көру қабілетім төмендеп кетті. Оған қоса жүрек және қантамырда ақау пайда болған соң, жүзуден бас тартып, үстел теннисімен айналысуды жөн көрдім.

2006-2010 жылдар арасында жүзумен, 2007 жылдан бастап тенниспен айналысып келемін. Мектепте жүргенде тенниске қызығушылық таныта бастадым – сыныптастарым сабақтан жиі сұранып, ойынға кететіндерін көріп, қызыға бастадым. Кішірек кезімде құрбылармен қосылып ракеткамен шарды ұрып, ұпай жинап ойнайтынбыз. Сол себепті ракетка маған таныс еді. Құрамаға қосылғанда бір айдай қиналдым. Сонда да қойған мақсатқа ұмтылып, алған жолдан таймауға бел буып жаттықтым. Екі ай өткен соң Қарағандыда өткен республика деңгейіндегі чемпионатқа қатыстым. Бұл менің өмірімдегі ең сорақы кезең еді, қатысқан 14 спортшының ішінде мен 14-орында тұрдым. Намысқа тырысып, бір жыл жатпай дайындалдым. Ақыры бір жылдық еңбегімнің жемісін көрдім – Павлодар мен Шымкентте өткен Республикалық чемпионаттарында бірінші орын алдым. Параолимпиадалық құрама командасына еніп, Иордания мен Малайзияға барып келдім. Одан кейін Лондонға халықаралық турнирге баруым керек еді, бірақ виза рәсімдеу мәселесі қиындықтар туғызып, бара алмадым.

Соңғы жолсапарым Кореяның Инчон қаласында болды. Кореядан қалған әсерден ең жағымдысы корей халқының бауырмалдығы мен ашықтығы. Инчон қаласы – Сеулден жарты сағаттық жерде орналасқан, табиғаты таза, өрбу үстінде тұрған жаңадан дамып келе жатқан қала. Корей спортшыларымен тілдескен кезіміз – ең күлкілі сәттеріміз еді: біріміздің сөзімізді біріміз ұқпай, әбден күлдік. Сапар барысында бізге Қазақстанда оқыған студенттер, орыс тілінде ойларын айтып жеткізе алатын еріктілер жағдай жасап, көмек берді.

Мен алдыма қойып отырған мақсатым – туған ауылға оралып, ауылдың дарынды жастарына жаттықтырушы боламын деп.мақсат қойып отырмын. Әрине, бұның бәрі армандар мен жоспарлар, өмір өзі көрсете жатар. Спорттан басқа өнерге де құлшынысым бар: интернатта біраз уақыт вокалмен айналыстым. Жеке концертімді өткізу – бұрыннан келе жатқан арманым еді. Протезді жергілікті кәсіпкер қаржыландырды, алдын ала Алматыдан 500 билет дайындап алғанмын, ал концертті ұйымдастыруға ең алдымен анам, достарым, туыстарым, таныстарым қол жұмылдырды. Ауырып қиналғанымда, шырылдап, үмітін үзбей, аяғыма тұрғызып, мейірімін аямаған анама қарыздармын, сол үшін концерттен түскен 100 000 теңгенің жартысынан көбін анама бердім. Сөйтіп бірінші концертім туған ауылымда өтті.

Мен өмірімде бірінші кезекте анам мен отбасымды қоямын, сыныптастарым мен достарымның да орны бөлек. Үйдің үлкені болғандықтан, әрқашанда отбасыма деген жауапкершілікті сезінемін. Осыдан бес жыл бұрын әкем басқа отбасына кетіп қалды. Шынымды айтсам, менің әкеме деген еш өкпе-ренішім жоқ. Ол менің жадымда бала кезімдегі мейірімді әке, қайырымды жан болып қала береді. Қордың грантын жеңіп, колледжге түскеннен кейін өмірімде көптеген өзгерістер болды: сенім артатын көптеген достар таптым, қызым бар. Айналамдағы адамдар мені кемтар деп қарамайды, кемсіту немесе аяушылық көрсетпейді. Олар мені жеке тұлға ретінде қабылдайды, өз теңіндей көреді, себебі мен өзімді ешқашан кемтар санап көрген емеспін. Жуық арада біз құрама командамызбен Бразилияға сапар шекпекпіз. Өмірдің қиын сәттерінде мені өз жетістіктерім қанаттандырады, ал нашар көңіл-күйден шығармашылық құтқарады. Өлең жазу арқылы жаман ойлардан арыламын. Бауырым рэп оқиды, екеуіміздің шығармашылығымызды тоғыстырып, сингл шығарып, музыкаға деген қабілетімді дамытсам деген арман бар.

Иманжүзді дидарыңа қарап ем,
Жанарыңда жайнап тұрды бар әлем.
Болсам егер Леонардо да Винчи, 
Сенің ғана суретіңді салар ем!

Арманымдай әдемі едің не деген,
Көкке ұшырып көңілімді демеген.
Болсам егер Галилео Галилей , 
Бір жұлдызға есіміңді берер ем!

Мұңлы нәзік музыканың тілімен,
Скрипка мен фортепиано үнімен ,
Болсам егер Бетховендей виртуоз, 
Ай астында тербетер ем түнімен!

Европада бір жаңалық ашар ем, 
Неше түрлі шедеврлер жасар ем.
Мен егерде болсам Микеланджело,
Ақ мрамордан мүсініңді қашар ем!

Бәйге тігіп бар ақшамды шашар ем, 
Суретшілер көрмесін де жасар ем.
Болсам егер көпес Павел Третьяков, 
Саған арнап галлерея ашар ем!

Мұнарасын сары алтынмен жабар ем, 
Іргетасын өз қолыммен қалар ем! 
Болсам егер император Жахан Шах, 
Тәж-Махалды саған арнап салар ем!

Жер жүзінің шеберлерін алдыртып, 
Ортағасыр сән-сәулетін жаңғыртып, 
Болсам егер Зұлқарнайын Ескендір, 
Сыйлар едім сұлу шахар салдыртып.

Домбыраммен, дауысыммен, жаныммен, 
Жан-сырымның жеткізер ем бәрін мен. 
Болсам егер әнші Ақан серідей, 
Ғашық қылып қояр едім әніммен!

Мен осылай кетем кейде қиялдап, 
Армандаймын өзімді-өзім жиі алдап. 
Болсам егер Құрманғазы күйшідей,
Шығарар ем саған қырық күй арнап!

Мен АҚШ-тың президенті болғанда, 
Америка айтқанымды қолдарма? 
Болсам егер Джорж Вашингтон орнында, 
Суретіңді салдыртар ем долларға.

Жүрген жоқпын Присцилла Чан қасында, 
Присцилладан сен артықсың қашанда! 
Мен егерде болсам Марк Цукерберг, 
Фейсбуктің сен тұрар едің басында.

Жүрер едің жерге тимей табаның, 
Күнде дайын – киімің мен тамағың. 
Болсам егер Джон Дэвисон Рокфеллер, 
Сыйлар едім Сент – Бартс аралын…

Жүзі мұңға толған пенде өзім ем.
Сен дегенде арнар едім жүз гүлін.
Мен Азамат болмағанмын романтик
Болсам егер сен деп жаным өтер ем…

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!