Қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созғандардың қатарына қосыл!

KZ

Менің АҚШ-қа алғашқы сапарым

08.09.2016

Сәлеметсіздер ме, қымбатты достар! Менің есімім Сапабеков Амирхан. Мен Ержан Тәтішев Қорының білімгері және КИМЭП Университетінің 3-курс студентімін. Биыл жаздық демалысымды «Work & Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-та өткіздім. Осы сапар кезінде мен Американың халқы, тұрмыс салты мен мәдениеті жайында көп әсер алдым. Сапардан соң бір түсінгенім «Американдық арман» деген түсінік жай сөз емес, және оған әлемнің қай тұсында тұрсаң да, тер төгіп, шыдамдылық танытсаң, қол жеткізесің. Мен Род-Айленд деп аталатын Американың ең кішкентай штатындағы шағын қалада тұрдым. Бағдарламаның қалай өткендігін толық сипаттау үшін өзімнің күнделікті атқарған жұмысым туралы бөліскім келеді.

Мен үш жұмыс орнында қызмет еттім. Менің жұмыс күнім таңғы сағат 05.00-де басталатын. Жуынып-шайынып, таңғы асымды ішіп болған соң, өзім екінші, қосымша жұмыс орным, MacDonalds-тағы кассирдің міндетіне кірісетінмін. Әрине, менің жұмысым тек клиенттердің тапсырыстарын есептеумен ғана шектелмейтін. Одан басқа кофе, шәй және басқа да сусындарды дайындау, фри картобын қуыру, тапсырыстарды даярлап қою, т.с.с басқа да жұмыстарға да жауапты едім. Менің кезегім таңғы 6.00-де басталып, түскі 01.00-де бітетін.

Түс уақытында мен бірінші, басты жұмысым, қарама-қарсы тұрған супермаркетке баратынмын. Ондағы «La Carte» деп аталатын бөлімде менеджер көмекшісі болып жұмыс істедім. Бұл бөлім дайын тағам өнімдерін сататын еді. Келе сала негізгі мұздатқыш камерада жатқан тағамдарды арбаға тиеп, оларды пісіретін жерге жеткізетінмін. Алуан түрлі пештер және грильдермен жабдықталған бөлмеде мұздатылған тағамдарды дайындауға кірісетінмін. Супермаркет «fried chickens» деп аталатын қуырылған тауықтарды сататын, сондықтан тауықты қуырып дайындауға мен жауапты едім. Жүні алынған мұздатылған тауықты ұнға салып, түрлі специялармен жағу керек-тұғын. Бір көргеннен оп-оңай жұмыстың өз ерекшелігі бар: KFC-де сатылатын тауықтар секілді терісі қытырлап, еті нәзік те шырынды болу үшін арнайы рецепт қолданылады. Кезек бітісімен, яғни кешкі сағат 09.00-де ыдыс-аяқтың бәрін жуып, еденді сыпырып-жуып, ертеңге қажетті заттарды дайындап қою керек еді.

Үйге жеткізетін автобус әдетте түнгі сағат 11.00-де келетін, ол келгенше сырттта таза ауа жұтатынмын. Үйге қарай 11.30-ға таяу жетіп, шайынып, тамақтанатынмын. Одан соң отбасыммен скайпта сөйлесіп болған соң, сағат 02.00-ге таман ұйқыға бататынмын. Кешкі уақыт осылай өтетін. Есімді білгелі спортпен айналысқандықтан, төзімділік те, шыдамдылық та бар-тұғын, тек бірсарынды жұмыс жалықтыратын еді. Демалыс күндерінің төлемақысы біршама жоғарылау болғасын, демалысымды аптаның басына жылжытып, сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуге тырыстым.

Үшінші жұмыс орным көгалды безендірумен байланысты еді. Ол жұмысымды демалыс күндерімде істеп жүрдім. Бұл бағдарламаның аты «Work&Travel» болғасын, дүниенің бар ақшасын таба алмаспын деп шештім де, тамыз айында үшінші жұмыс орнымды қойып, басқа жұмыста істейтін уақытымды қысқартып, қаланы аралаумен болдым. Осылайша алып мемлекеттің басым көпшілігінің тұрмыс салтына сай «американдық жұмыскер» болып, жазғы демалысымды осылайша өткіздім.

Тамыз айының соңғы аптасында мен Нью-Йоркке барып келдім. Расында да Нью-Йорк өте әсерлі қала екен! Әр туристтің баратын дәстүрлі орындары: Эмпайр Стейт билдинг, Орталық саябақты, Жаратылыстану мұражайы және Еркіндік мүсінін көріп қайтам деп жоспарлаған едім. Соңғы сәулет орнымен байланысты бір қызық оқиға болған еді: мен маңызды бір құжаттарымды ұмытып кетіп, Мүсінге барар күні Род-Айлендке қайтып баруыма тура келді. Қайтып келген кезде қырсыққандай уақыт тығыз болып, ақыры онда барудың сәті түспеді. Сөйтсе «мүсінді көргендер АҚШ-қа қайтып оралмайды» деп ырымдайды екен. Сол үшін мен қатты уайымға салынғаным жоқ, қайта АҚШ-қа әлі талай рет барып қайтамын деген сөз деп түсіндім. Өйткені бұл баруға тұрарлық жер! Қомақты ақша табатыныңды қоя тұрғанда, сапардан өте көп әсер алуға болады. Осы жаз жүрегіме ұмытылмас әсер қалдырды және Ресей, Сербия, Өзбекстан, Хорватия, Румыния, АҚШ елдерінің өкілдерімен танысуға мүмкіндік берді. Біздер қызықты уақыт өткізіп, арамыздағы достыққа жол аштық. Осы жаздың ең керемет өткізген уақытым екені сөзсіз!

Амирхан Сапабеков
Ержан Тәтішев Қорының 2014 жылғы білімгері
КИМЭП Университетінің 3-курс студенті

Қайырымдылық жасау! Сделать пожертвование!

Жарна

Қайырымдылық жарналардан жиналған қаражат қосымша грант бөлуге жұмсалады. 2021 жыл 16 наурызға дейін 16.00-ге дейін жасалған жарналар үшін комиссия 0 теңгені құрайды!